Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапхана – бұл оқу мен зерттеуге арналған заманауи кітапхана-ақпараттық кеңістік, құралдар мен ресурстар.
Кітапхананың бірінші қабаты
Кітапхана ғимаратының бірінші қабаты кітапханаға келушілердің – студенттер мен оқытушылардың өзара және бір-бірімен қарым-қатынасына арналған. Мұнда академиялық адалдық пен жарияланымдық белсенділікке қатысты кеңес беру, семинарлар, тренингтер, конференциялар және т.б. өткізіледі. Бірінші қабатта конференц-зал, академиялық жазылым орталығы, кафетерий, жеке және топтық жұмыс пен демалыс бөлмелері, компьютерлік зертхана, сондай-ақ музей орналасқан.
📚 Кітапханадағы музей – көп жылдарын білім мен ғылымға арнап, университеттің дамуына зор үлес қосқан адамдарға құрмет ретінде ашылған.
🎤 Конференц-зал (Conference Hall) – заманауи презентациялық технологиялармен жабдықталған, идея алмасуға, семинарлар, кездесулер, тренингтер мен конференциялар өткізуге арналған кеңістік.
🛋 Релаксация бөлмесі (Relaxation Room) – сабақ арасындағы үзілістерде пайдалануға арналған жайлы әрі тыныш орын. Ол стрессті жеңілдету, емтихан кезеңінде психологтардың кеңесін алу, оқудың немесе жұмыстың өнімділігін арттыру үшін қолданылады.
Академиялық жазу орталығын, жеке және топтық жұмыс бөлмелерін, демалыс бөлмесін, сондай-ақ конференц-залды – барлығын да алдын ала мақсатты пайдалану үшін брондауға болады.
Оқырмандар жеке және топтық жұмыс бөлмелерін күніне 2 сағатқа брондай алады.
Оқырмандар релаксация бөлмесіндегі орынды күніне 45 минутқа брондай алады.
Кітапхананың 1-қабатының бронь жасауға арналған жоспары

👶 Балалар ойын бөлмесі (Children’s playroom) – жас аналар мен олардың балаларына арналған арнайы жабдықталған қауіпсіз орта.
👩 Ана бөлмесі (Mother’s room) – сәбилерге күтім жасау мен аналардың тынығуына арналған бөлме.
💻 Компьютерлік зертхана (Computer lab) – заманауи компьютерлік техникамен жабдықталған зертхана.
☕ Кафетерий (Mosaic) – дәмді ас пен кофе ішуге және достармен әңгімелесуге арналған жайлы орын.
Сонымен қатар, кітапхана пайдаланушылары үшін бірінші және екінші қабаттарда ауызсу «фонтанчиктері» қолжетімді.
Кітапхананың бірінші қабатында кітапхана қызметкерлеріне арналған «ашық кеңсе» үлгісінде жобаланған қызметтік кеңістік орналасқан. Кеңсе заманауи талаптарға сай жабдықталып, кітапхана қызметкерлерінің тиімді жұмыс жасауына барлық жағдайды қамтамасыз етеді. Мұнда кітапхана директоры мен оның орынбасарына арналған жеке кабинеттер бар, олар әкімшілік қызметтерді атқарады. Сондай-ақ кітап қорын толықтыру және ғылыми өңдеу бөлімі қызметкерлерінің жұмыс орындары орналасқан. Аталған бөлім кітапхананың қорын сапалы әдебиеттермен толықтырумен, жаңадан түскен басылымдарды ғылыми жүйелеу және өңдеумен айналысады.
Қызметтік кеңістікте кітапхананың дамуы мен оның көрсететін ақпараттық-кітапханалық қызметтерін жетілдіру мақсатында пікір алмасуға, жаңа идеяларды талқылауға және маңызды шешімдер қабылдауға арналған жиналыс залы бар.
Кітапхананың барлық бөлімдері оның теңгерімді, тиімді әрі өнімді жұмыс жасауына бағытталған.
Кітапхананың екінші қабаты
Ғылыми кітапхананың екінші қабатында Батыс және Шығыс атты екі оқу залы орналасқан.
Оқу залдары кітаптарды рұқсатсыз сыртқа шығарудан қорғау үшін ұрлыққа қарсы қақпалар мен бейнебақылау жүйелері сияқты заманауи қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған.
Екі оқу залында да RFID (радиожиілікті сәйкестендіру) заманауи технологиясы енгізілген. Бұл технология оқырмандарға оқу залдарында орнатылған өзіне-өзі қызмет көрсету станциялары арқылы кітаптарды үйге алуына мүмкіндік береді. Өзіне-өзі қызмет көрсету станциялары пайдаланушыларға кітаптарды өздері рәсімдеп, содан кейін оқу залынан кедергісіз алып шығуға жағдай жасайды.
Әр оқу залындағы кезекші кітапханашылар сіздің ғылыми жұмысыңызға қажетті әдебиеттерді таңдауға, библиографиялық сілтемелерді жүйелеуге және библиографиялық тізім құрастыруға көмектеседі.
Батыс оқу залы / West Reading Hall
Батыс оқу залы – Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапхананың ең үлкен оқу залы. Оның кеңістігі – түрлі ғылым салаларында терең білім мен сенімді ақпаратқа ұмтылатын студенттер мен зерттеушілер үшін таптырмас орта. Тыныш атмосфера, жарық әрі кең зал, ыңғайлы орындықтар мен университетке қажетті барлық салалар бойынша жинақталған бай кітап қоры оқырмандардың зияткерлік әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді. Мұның барлығы қазіргі заманғы кітапхана дизайны стандарттарына сәйкес жасақталған.
Бұл оқу залында кітапхананың төмендегі негізгі баспа түріндегі ақпараттық ресурстары топтастырылған:
Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар: философия, психология, тарих, саясаттану, педагогика, мәдениеттану, тіл білімі мен әдебиет және т.б. бойынша отандық және шетелдік басылымдар.
Жаратылыстану ғылымдары: биология, экология, химия, география, физика, математика және басқа да пәндер бойынша оқулықтар мен ғылыми еңбектер.
Анықтамалық басылымдар: энциклопедиялар, сөздіктер, анықтамалықтар – нақты, сенімді әрі өзекті ақпарат алудың сенімді көздері.
Оқытушылар мен докторанттарға арналған эксклюзивті ақпараттық кеңістік: профессорлық-оқытушылар құрамы мен докторанттарға арналған залда докторлық және магистрлік диссертациялар, сондай-ақ сирек кездесетін басылымдар бір жерде жинақталған.
Сирек қор мен құжаттар: тарихи-мәдени құндылыққа ие әдебиеттер мен көне басылымдардан құралған коллекция.
Диссертациялық жұмыстар: университеттің ғылыми әлеуетін айқындайтын қорғалған докторлық және кандидаттық диссертациялар коллекциясы.
Мерзімді басылымдар: отандық газеттер, сондай-ақ білім мен ғылымдағы заманауи үрдістерге шолу жасауға мүмкіндік беретін отандық және шетелдік журналдар.
🔗 Электрондық ресурстар
Электрондық кітаптар, ғылыми мақалалар және лицензиялық ғылыми журналдар дерекқорлары – барлығы бір қадам жерде, кітапхананың веб-порталында қолжетімді: https://library.qyzpu.edu.kz/
💻 Өзіне-өзі қызмет көрсету станциялары
Бүгінде заманауи технологияларды пайдалану арқылы кітапхана студенттерге, оқытушыларға және зерттеушілерге ыңғайлы әрі жедел ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсететін ақпараттық орталыққа айналды.
Өзіне-өзі қызмет көрсету станциясы (self-service station) – осының жарқын мысалы. Ол студенттерге кітаптарды өз бетімен алуына, оларды өзінің электрондық формулярына тіркеуіне және оқып болған соң қайта өткізуіне мүмкіндік береді. Енді кітапханашыға кезекке тұрудың қажеті жоқ – барлығы бірнеше минут ішінде студенттің өз қолымен жүзеге асады.
Өзіне-өзі қызмет көрсету станциясының артықшылықтары:
📚 Тиімділік: кітапты алу немесе қайтару процесі автоматтандырылған, жылдам әрі қарапайым;
🕒 Уақыт үнемдеу: кезекте тұрудың немесе кітапханашыны күтудің қажеті жоқ;
🔐 Құпиялылық: студент өзі таңдаған кітаптарды тіркеп, оларды арнайы орынға өз бетімен қайтарады;
💻 Инновация: кітаптар RFID технологиясы арқылы автоматтандырылған кітапхана жүйесінде есепке алынып, өңделеді.
Ассистивті технологиялар кабинеті
Батыс оқу залында көру мүмкіндігі шектеулі кітапхана пайдаланушылары үшін пайдалы ассистивті технологиялар кабинеті орналасқан. Кабинетте мынадай құрал-жабдықтар орнатылған: мәтінді үлкейтуге арналған арнайы құрылғы; Брайль дисплейі бар дербес компьютер; Брайль принтері және басқа да құрылғылар.
Құжаттарды сканерлеу/көшіру бөлмесі
Әр оқу залында арнайы жабдықталған бөлмеде көпфункционалды құрылғы орнатылған. Оның көмегімен кітапхана пайдаланушысы өзіне қажет оқу немесе зерттеу материалдарын өздігінен сканерлеп немесе көшірме жасай алады.
Шығыс оқу залы / East Reading Hall
Шығыс оқу залы – әлем тілдеріндегі көркем әдебиеттердің, фольклорға, өнерге және т.б. арналған еңбектердің топтамасы. Бұл оқу залы оқырмандардың эстетикалық талғамын қалыптастыруға және рухани дамуына ықпал ететін мазмұнды әдебиеттермен толықтырылған.
Залда орнатылған өзіне-өзі қызмет көрсету станциясы арқылы кітапхана пайдаланушысы кітаптарды өзінің электрондық формулярына тіркеп, үйге абонементке ала алады немесе оқып болған соң қайтара алады.
Құжаттарды сканерлеу/көшіру бөлмесі
Әр оқу залында арнайы жабдықталған бөлмеде көпфункционалды құрылғы бар. Оның көмегімен пайдаланушылар қажетті оқу немесе зерттеу материалдарын өздігінен сканерлеп немесе көшіріп ала алады.
Кітапхананың холлында арнайы буккроссинг бұрышы ұйымдастырылған. Мұнда кез келген келуші өзі үшін кітап алып оқи алады немесе өз кітабын қалдырып, оны басқалармен бөлісе алады.
🌐 WI-FI: GUEST_QyzPU, Students_QyzPU и STAFF_QyzPU
🎓 Мәдени-ағартушылық іс-шаралар мен кітап көрмелері
Кітапхана қабырғасында тұрақты түрде түрлі мәдени-ағартушылық іс-шаралар өткізіледі. Әдеби кездесулер, кітап көрмелері, тақырыптық семинарлар, шығармашылық кештер мен оқырмандармен еркін әңгімелер – барлығы да оқырмандардың зияткерлік дамуына және рухани байытуына бағытталған.
Бұл кітапхана – тек ақпарат алатын орын ғана емес, сонымен қатар идеялар туындайтын, жобалар жасалатын және болашақ мамандар қалыптасатын орта. Жаңа білім дәуіріне сай заманауи кітапхана-ақпараттық инфрақұрылым сіздің жеке дамуыңыз бен кәсіби өсуіңіз үшін қызмет етеді!
📌 Біз – ақпарат, білім мен шабыт кеңістігіміз. Ғылыми кітапхана – сіздің алға қойған мақсаттарыңызға қол жеткізудегі серіктесіңіз!
