Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапханасы өзінің бастауын 1944 жылдан алады. Ол кезде бұл шағын ғана кітапхана Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының құрамында құрылған еді. Кітапхананың негізі институттың алғашқы директоры Құрманғали Оспановтың 1944 жылғы 6 қыркүйектегі № 4 бұйрығы негізінде қаланды. Сол бұйрыққа сәйкес алғашқы кітапхана меңгерушісі болып Исмағұлова Қалила тағайындалды.
📌 Кітапхана басшыларының хронологиясы
1944-1948 жж. – Кітапхананың алғашқы меңгерушісі ретінде Исмағұлова Қалила қызмет атқарды.
1948-1956 жж. – Кітапхана меңгерушісі қызметін Коханова Ольга Васильевна атқарды.
1956-1967 жж. – Кітапханаға Горелова Анастасия Васильевна жетекшілік етті.
1967-2013 жж. – Кітапхана директоры қызметін Әйтиева Раушан Бақытқызы атқарды.
2013-2023 жж. – Кітапхана директоры болып Бағашарова Бақытжамал Тельманқызы басқарды.
2023 жылдан бастап – Кітапхана директоры қызметін Өтегенова Әсем Мұхтарқызы атқарып келеді.
🗃 Алғашқы кітап қоры
Бастапқыда кітапхана қоры баспалардан алынған кітаптар мен оқытушылардың көмегі арқылы, сондай-ақ сыйға тартылған әдебиеттер негізінде жинақталды. 1945 жылғы 20 маусымдағы мүлік (инвентарлық) кітабының мәліметіне сүйенсек, сол кездегі кітап қоры 3190 данаға жеткен.
🔄 Қайта жаңғыру кезеңі
2024 жылы университет кітапханасы заманауи талаптарға сай толық жөндеуден өтіп, тарихи келбетін сақтай отырып, жаңа кейіпте жаңғыртылды. Бұл өзгерістер «Ланкастер групп» холдингтік компаниясының қаржылық қолдауы арқылы жүзеге асты. Кітапханаға университетте 35 жыл еңбек еткен, танымал ғалым, педагог, КСРО білім беру ісінің үздігі Сералы Қаниевтің есімі берілді.
