Персоналии — Сералы Қаниев атындағы Ғылыми кітапхана
QyzPU Lirary

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті


Сералы Қаниев атындағы Ғылыми кітапхана
IFLA

Персоналии

Раушан Бақытқызы Әйтиева

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Ғылыми кітапханасын 49 жыл басқарған білікті кітапхана меңгерушісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

Раушан Әйтиева 1964 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты кітапханасында жұмысын бастаған кезде, журналдар мен әдістемелік материалдарды қоса алғанда кітапхана қоры 60 000 құрап, Бас оқу ғимаратының екінші қабатындағы екі аудиторияда орналасты. Ал Раушан Бақытқызының басқарған кезеңінде кітапхана қоры 1,5 миллионға дейін артты.

Раушан Бақытқызы жеке кітапхана ғимаратының құрылысын аяқтап, кітапханалық істе заманауи технологияларды енгізіп, өзінің арманын жүзеге асырды. Заман талабына сай болу үшін компьютерлік курстарды тәмамдады.

Раушан  Әйтиева А.С. Пушкин атындағы кітапхана жанындағы ғылыми-зерттеу тобының мүшесі, ҚазССР Білім министрлігі жанындағы Республикалық кітапхана-ақпараттық комиссиясының мүшесі, Алматы қаласының жоғары оқу орындары кітапханаларының идеялық-тәрбие жұмыстары бөлімінің төрағасы және қалалық кітапсүйерлер қоғамының мүшесі болды.

Сондай-ақ кітапхана факультетінде оқытушылық қызметті де атқарды. Оның Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты кітапханасындағы  еңбек өтілі – 49 жыл, ал оқытушылық қызметте – 22 жыл. Ол Мәскеу мемлекеттік университетінде, Мәскеу мәдениет институтында, Ленинград мәдениет институтында, Тарту университетінде (Эстония) жоғары оқу орындары кітапханалары директорларының біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Тәжірибе алмасу мақсатында Ташкент қаласындағы университетке, Қырғызстандағы Қыздар педагогикалық институтына барды.

Раушан Бақытқызы Әйтиева бірнеше рет ҚазССР Білім министрлігі мен кәсіподақ ұйымдарының құрмет грамоталарымен марапатталған. Оның марапаттары қатарында Ыбырай Алтынсарин медалі, Ахмет Байтұрсынов медалі, «Еңбек ардагері» атағы және «ҚазССР халық ағарту ісінің үздігі» құрметті белгісі бар. 2012 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Раушан Бақытқызы Әйтиеваға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» жоғары мемлекеттік атағы берілді.

Раушан Бақытқызының кітапхана ісі бойынша көптеген еңбектері бар. Сонымен қатар, белгілі мемлекет қайраткері Әбдірахман Әйтиевтің өмірі мен күресін баяндайтын кітаптар жазды.

Раушан Бақытқызы Әйтиева отбасына деген сүйіспеншілік пен адамдарға деген құрметпен өрілген жарқын оқиғаларға толы өнегелі ғұмыр кешті.

Подробнее