
МИССИЯСЫ
Ақпараттық ресурстар мен құралдарды тиімді әрі нәтижелі басқаруға, сондай-ақ кітапхана ісі мен білімнің басқа да салаларындағы білім мен инновациялар алмасуға негізделе отырып, кітапхана пайдаланушылары мен қызметкерлерінің кәсіби және тұлғалық дамуына қолайлы, инклюзивті және эргономикалық орта қалыптастыру.
КӨЗҚАРАСЫ
Жаһандық өзгеріп жатқан әлем жағдайында озық оқыту мен оқудың формаларын ілгерілетуге, ғылыми-зерттеу қызметіне және университеттің үшінші миссиясын іске асыруға ықпал ететін идеялар мен қызметтерді әзірлеу және жүзеге асыруда университеттің негізгі серіктесі ретінде белсенді қатысу.
Кітапхана ісі саласындағы академиялық жетістіктің орталығы ретінде, заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен жабдықталған, ақпаратпен жұмыс істеуге және тиімді қарым-қатынас орнатуға қолайлы кеңістігі бар, педагогикалық және гуманитарлық ғылымдар саласындағы ең талапшыл зерттеуші мен студенттің сұранысына сай келетін өзекті әрі сұранысқа ие ғылыми, оқу және көркем әдебиеттер қорымен қамтамасыз ету.
Барлық санаттағы пайдаланушыларға жергілікті және жаһандық ақпараттық ресурстарға еркін әрі ыңғайлы қолжетімділік ұсынатын жетекші ақпараттық-анықтамалық және мәдени-ағартушылық орталық болу.
Кітапхана-ақпарат саласындағы мамандықтар бойынша білім алушы студенттер үшін өндірістік тәжірибе орталығы және Қазақстан мен Орталық Азиядағы кітапханашылардың біліктілігін арттыру алаңы ретінде жұмыс істеу.
Халықаралық ынтымақтастық пен жобаларға белсенді қатысушы болу.
ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ
- Ізеттілік
- Серіктестік
- Икемділік / Бейімделгіштік
- Кәсібилік
СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҚСАТТАРЫ
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің (ҚазҰҚПУ) Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапханасының (ҒК) мақсаттары мен стратегиялары кітпхананың басым жақтары мен мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалану, сондай-ақ әлсіз тұстары мен қауіп-қатерлердің теріс әсерін барынша азайту мақсатында әзірленді.
ҚазҰҚПУ-дың 2025–2029 жылдарға арналған даму бағдарламасындағы миссиясы, негізгі құндылықтары мен стратегиялық мақсаттары кітапхананың басымдықтары, даму стратегиясы мен критериясының негізі болып табылады.
ҚазҰПҚУ-дың 2023–2029 жылдарға арналған даму бағдарламасында негізгі стратегиялық мақсат ретінде педагогикалық білім беру мен ғылым саласында көшбасшы және жаңашыл болу айқындалған.
Аталған мақсатты іске асыру үшін келесі бағдарламалық бағыттар белгіленді:
- Білім беру үдерісінің тиімділігі мен сапасын арттыру;
- Ғылыми-зерттеу қызметінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету;
- Студент тұлғасын дамытудың жүйесін мақсатты басқару;
- Жаһандық үздік тәжірибелерге сәйкес инклюзивті және цифрлық экожүйе қалыптастыру;
- Университетті әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялау.
Бағдарламада мемлекет пен оның болашақтағы бейбіт дамуының маңызды кепілі ретінде – дені сау, мақсаткер, саналы, рухани бай және өнегелі тұлғаны тәрбиелеуге ерекше назар аударылады.
Осы мақсатта университет жанында келесі қоғамдық бірлестіктер жұмыс істейді:
- «Қазақстан волонтерлер лигасы» қоғамдық ұйымы;
- «Нағыз көшбасшылар одағы» дебат клубы;
- «Ақ қауырсын» әдебиетшілер клубы;
- «Zhastar media» ақпараттық-ағартушылық шығармашылық клубы.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 2023–2029 жылдарға арналған даму бағдарламасының бағыттарына сәйкес, Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапхананың 2025–2029 жылдар аралығындағы стратегиялық мақсаттары төмендегідей:
- Университеттің миссиясы мен бағдарламалық бағыттарына сәйкес келетін, студенттердің, оқытушылардың және зерттеушілердің қажеттіліктерін қанағаттандыратын ақпараттық ресурстарды қалыптастыру және дамыту, олардың шығармашылық және кәсіби әлеуетін, инновациялық қызметін, жарияланымдық белсенділігін арттыруға, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастығын дамытуға ықпал ету.
- Ақпараттық-библиографиялық қызмет көрсетудің түрлерін жетілдіру:
- заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен инновациялық сервистерді енгізу негізінде;
- университеттің институттары мен колледждерінің академиялық қауымдастықтарымен, сондай-ақ әкімшілігімен белсенді және тұрақты өзара іс-қимылды дамыту арқылы;
- кітапхана пайдаланушыларының жеке қажеттіліктері мен талғамдарын ескере отырып;
- кітапханалар арасындағы кооперативтік байланыстарға қатысу;
- өз генерациясындағы (өңдеуіндегі) ақпараттық ресурстарды жасау;
- және кітапхана ұсынатын ресурстар мен қызметтерге қатысты университеттің академиялық қауымдастығынан үнемі кері байланыс алу арқылы.
- Университеттегі ғылыми-зерттеу қызметінің тұрақты және тиімді дамуын ақпараттық-кітапханалық қамтамасыз ету:
- Кітапхана жанындағы академиялық жазу орталығының жұмысын үйлестіру;
- Ғылыми-зерттеу қызметінің ақпараттық және жарияланымдық құрамдастарына қатысты кеңестер өткізу, тақырыптық нұсқаулықтар әзірлеу;
- Университеттің институционалдық репозиторийінің контенті мен метадеректерін сүйемелдеу.
- Университеттің тиісті құрылымдық бөлімшелерімен және қоғамдық бірлестіктерімен бірлесе отырып, студенттің дені сау, мақсаткер, саналы, рухани бай және өнегелі тұлға ретінде қалыптасуына бағытталған мәдени-ағартушылық іс-шараларды жүйелі түрде өткізу, сондай-ақ емтихан сессиялары кезеңінде антистресстік іс-шаралар ұйымдастыру.
- Кітапхананың физикалық кеңістігін жетілдіру:
- пайдаланушыларға ақпараттық ресурстармен жұмыс істеу үшін қолайлы жағдай жасау,
- тиімді қарым-қатынас пен бірлескен жұмысқа мүмкіндік беру,
- студенттердің жобалар мен оқу тапсырмаларын бірігіп орындауына жағдай жасау,
- кітапхана кеңістігін университеттің инклюзивті және цифрлық экожүйесіне біріктіру.
- Кітапхана қызметкерлерінің кәсіби және тұлғалық әлеуетін жүйелі түрде арттыру:
- ҚазҰҚПУ мен басқа ұйымдарда біліктілікті арттыру курстарына қатысу;
- кітапхана тарапынан өз бетінше біліктілікті арттыру формаларын ұйымдастыру және инновациялық жобаларды іске асыру;
- ұлттық және халықаралық деңгейдегі кітапханалық бірлестіктер мен кәсіби іс-шараларға қатысу.
- Университет кітапханасының заманауи талаптарға сай ақпараттық ресурстарды, материалдық-техникалық базаны және кәсіби мамандарды ұсына отырып, кітапхана ісі саласындағы академиялық артықшылық орталығы ретінде қызмет етуі арқылы университеттің оң имиджін Қазақстан қоғамында және халықаралық деңгейде ілгерілетуге жәрдемдесу, кітапхана ісі бойынша білім алып жатқан университет студенттері үшін өндірістік тәжірибе алаңы болу; университет қабырғасында ұйымдастырылатын кітапханашылардың біліктілігін арттыру курстарында жетекші мамандардың инструктор ретінде белсенді және нәтижелі атсалысуы арқылы; сондай-ақ ұлттық және халықаралық кітапхана қауымдастықтары мен консорциумдарына мүшелік ету және онда жұмыс жүргізу арқылы университет беделін көтеруге үлес қосу.
🏢 Қазіргі инфрақұрылымы
Жаңартылған кітапхана заманауи талаптарға сай жоғары деңгейде жабдықталған. Жалпы ауданы — 4295 шаршы метр, оның ішінде 1000 шаршы метрі кітап қорын сақтау аймағына арналған. Кітап қоры 1 миллионнан астам басылымды қамтиды: оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар, ғылыми әдебиеттер, көркем шығармалар мен басқа да қосымша ресурстар.
Кітапхана жұмысы автоматтандырылған «ИРБИС-64+» кітапханалық-ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Жаңадан келіп түскен оқулықтар, мерзімді басылымдар мен профессор-оқытушылардың мақалалары осы жүйеге енгізіледі. Кітаптың атауы, авторы, шыққан жылы, баспасы және басқа да метадеректер мұқият тіркеледі.
Оқу залдары RFID технологиясымен жабдықталған: өзіне-өзі қызмет көрсету стансасы, есептегіш құралдар және ID-карталарды оқуға арналған картридерлер орнатылған. Бұл технологиялар пайдаланушыларға кітапхана ресурстарына жылдам әрі тиімді қол жеткізуге мүмкіндік береді, ал кітапхана қызметкерлерінің жұмысын автоматтандыруға септігін тигізеді.
🌐 Ғылыми ресурстарға қолжетімділік
Ғылым мен білімнің цифрлық кеңістікте дамуына байланысты, кітапхана ғылыми мәліметтер базасына қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы маңызды рөл атқарады. Лицензиялық келісімдер негізінде пайдаланушылар ақылы дерекқорларға қашықтан қосыла алады. Қол жеткізу арнайы тіркелу немесе IP мекенжай арқылы жүзеге асады — бұл әлемнің кез келген нүктесінен ғылыми материалдарды іздеуге және жүктеуге мүмкіндік береді.
Кітапханашылар пайдаланушыларға ғылыми ақпаратты тиімді іздеу, дерекқорлармен жұмыс істеу және пайдалану ережелері бойынша тренингтер мен кеңестер өткізеді.
🗂 Кітапхана кеңістігі
🏛 Бірінші қабатта:
- Әкімшілік кеңсе
- Академиялық жазылым орталығы
- Конференц-зал және синхронды аудармаға арналған 2 кабина
- Кітапхана тарихы мұражайы
- Топтық жұмыстарға арналған 3 кабина
- 20 орындық компьютер сыныбы
- Тынығу бөлмесі
- Ана мен бала бөлмесі
- Кафетерий және техникалық бөлмелер
🏛 Екінші қабатта:
- Батыс және Шығыс оқу залдары
- Профессор-оқытушылар мен PhD докторанттарға арналған жеке кабинеттер
- Ерекше қажеттіліктері бар пайдаланушыларға арналған ассистивті технологиялар кабинеті
🎓 Рухани және білім ордасы
Қыздар университетінің кітапханасы – білім мен ғылым, ұлттық рух пен тарих тоғысқан рухани-интеллектуалдық кеңістік. Ол студенттер мен оқытушылар үшін маңызды ақпараттық, мәдени және зияткерлік орталық ретінде қызмет етеді.
